Семейде көпқабатты үй тұрғындары апатты жағдайда тұрған жеделсатыны жөндеудің орнына, үйдің сыртын бояғанына наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Мәліметтерге сенсек, қаланың орталығында орналасқан 16 қабатты бұл үй жақында әкімдіктің көмегімен түрлі түстерге боялып, ғимаратқа жарықтандыру орнатылған. Алайда тұрғындар үшін үйдің сыртқы көрінісінен гөрі істен шыққан жеделсатыны жөндеу маңыздырақ екенін айтады. Лифттің жарамсыз екенін мамандар да растаған.
11 қабатта тұратын зейнеткер Айгүл Бекішева үшін көшеге шығып, қайта пәтеріне көтерілу – нағыз сынақ.
Тұрғындардың сөзінше, жеделсатының жұмыс істеп тұрғанына 30 жылдан асқан. Тозығы жеткен ол жиі істен шығып тұрады екен.
Айгүл Бекішеваның айтуынша, оның жасында қабаттап жоғары көтерілу қиын. Ал лифтпен жүру жүйкеге салмақ түсіреді: көтерілу барысында дірілдеп, қорқынышты дыбыстар шығады.
“Бізде лифт гүрілдеп, дірілдеп жұмыс істейді. Адамдардың салмағы да әсер етеді. Кейде көп адам мінгенде, жеделсаты тоқтап қалады. Оны үнемі жөндеп жатады”, – деді Айгүл Бекішева.
Тұрғындардың бірі Мерует Сытықова балаларды жалғыз лифтке жіберуге жұрт қорқатынын айтады. Олар лифт маманының телефон нөмірін жаттап алған. Себебі аптасына бірнеше рет оны шақыруға мәжбүр. Жаңа лифт орнатуға қажет қаржы, тіпті мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алса да, тұрғындарға ауыр тиеді. Олар биліктің үйдің сыртқы келбетін жөндеуге көңіл бөліп, ал қауіпсіздік мәселесін тұрғындардың мойнына жүктегеніне реніш білдірді. READ FULL STORY HERE>>>CLICK HERE TO CONTINUE READING>>>
“Көп тұрғын жазда үйдің сыртын бояғанына, кейін қазан-қараша айларында тұрғындардың келісімінсіз жарық орнатқанына наразы. Мұның бәрі мемлекет қаржысына жасалды, әрі бұл жұмыстарға қызмет көрсету де мемлекеттік бюджеттен төленеді. Біздің наразылығымыз – бұл тек сұлулық үшін ғана жасалып отыр. Ал бізге, тұрғындарға, бұдан еш пайда жоқ. Бізде жеделсатымен жүру өте қауіпті”, – деп ашуланды Мерует Сытықова.
Шенеуніктердің айтуынша, заң бойынша үйдің сыртын жаңартуға болады, өйткені бұл – архитектуралық келбетке қатысты мәселе. Ал лифт – тұрғындардың ортақ меншігі, оны ауыстыру тек тұрғындардың қаржысына жасалуы керек.
Семей қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Диана Шаяхметованың есебі бойынша бір лифтті ауыстыру үшін шамамен 15-16 миллион теңге қажет.
“Жергілікті атқарушы орган пәтер иелеріне 7-15 жылға 0,01% мөлшерлемемен бюджеттен несие береді. Бұл тұрғын үй саясаты бағдарламасында қарастырылған. Бұл сомаға монтаж, демонтаж және жеделсатының өзі кіреді. Әр пәтердің шаршы метріне қарай төлем кестесі жасалады”, – деді Диана Шаяхметова.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыдағы тұрғын үй кешенінде лифт үзіліп, бір адам көз жұмғанын жазған едік. Салынып жатқан тұрғын үй кешені нысандарының бірінде болған оқиға бойынша “Абайсызда адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір бірқатар сараптамалар тағайындалды. Мән-жай анықталып жатыр