Алматылық ер адам қаладағы автосалондардың бірінен электрокар сатып алып, кейін оның батареясынан ақау шыққан. Бастапқыда ол ақауды жоюды сұрағанымен орталық келіспей, ақшаны қайтармай қойған. Соңында тұрғын тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне жүгінуге мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos
Жәбірленуші автосалонға бірнеше рет барып, келісімшартты бұзып, ақшасын қайтаруды талап еткен. Бірақ оған орталық бас тартқан. Тек мемлекеттік органдардың араласуынан кейін мәселе шешімін тапқан. Осылайша ол Алматыдағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, 48 миллион теңге өндіріп алады.
Алынған өтемақының мөлшеріне қарағанда, алматылық тұрғын люкс санатындағы электромобиль сатып алған деп болжауға болады.
Алматы автосалондарынан алуға болатын бірнеше электрокарлар бұл критерийлерге сәйкес келеді:
- Kia EV9 – 42 000 000 теңге
- Audi Q8 e-tron – 47 430 000 теңге
- Tesla Model X – 49 000 000 теңге
- Hongqi E-HS9 – 50 000 000 теңге
Stan.kz тілшісі комитетке хабарласып, істің жай-жапсарын сұрап білді. Өкінішке қарай, олар ер адамның аты-жөнін және қай автосалон екенін атаудан бас тартты. READ FULL STORY HERE>>>CLICK HERE TO CONTINUE READING>>>
“Биыл тамыз айында Алматыдағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне е-өтініш платформасы арқылы автосалонға қатысты өтініш түсті. Өтініш автосалонда сатып алынған көліктің кепілдік қызмет көрсету шарттарының бұзылуына байланысты болды. Тұтынушы кепілдік мерзімі ішінде бірнеше рет жоғары вольтты батареядан ақау шыққанына байланысты көлігі істен шыққандықтан, автосалонға бірнеше рет жүгінген. Тұтынушының өтініші бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша автосалонға аталған автомобильге қатысты бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді. Сөйтіп автосалон тұтынушыға автомобильдің толық құнын қайтарып берді”, – деп жауап берді комитет.
Комитеттің дерегінше, қазақстандықтардың көп жүгінетін мәселесі автомобиль саласы. Жыл басынан бері резонанстық істер бойынша 50-ден аса қазақстандық 756 000 000 теңге көлемінде өтемақы алған.
Сонымен қатар биыл 43 мыңнан аса азамат арызданған. Бұл былтырға қарағанда 10 мыңға көп екен.
Осы тұста сатып алған электромобильдің зақымдалған жағдайда не істеу керегін қазақстандық адвокат Әбдіғани Нұрлат айтып берді.
“Қазақстанда көлік сатып алғанда және ақау анықталған жағдайда азамат “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңына және Азаматтық кодекске сәйкес арыздана алады. Тұтынушы тиісті емес сападағы тауарды сатып алмас бұрын сатып алу бағасын азайтуды талап ету қажет. Осы кезде тауардың ақауларын тегін жөндетіп, сапасыз тауарды қайтарып, ақшаны толығымен қайтаруды сұраңыз. Кепілдік мерзіміне қарап, басқа тауарға ауыстыруды талап етіңіз. Егер ақау кепілдік мерзімінде анықталса, сатушы (немесе өндіруші) жөндеуді өз қаражатына жүргізуге міндетті. Мұнда сатып алушы дереу сатып алу шартын, түбіртектерді, техникалық құжаттарды және ақауды дәлелдейтін материалдарды дайындау жинап, шағындануы керек”, – деді адвокат.
Сонымен қатар адвокат шағымды тіркеу кітабына енгізуге талап қою қажет екенін айтады.
“Егер сатушы ақауды мойындамаса, тәуелсіз сараптама жасатып, нәтижесін пайдаланыңыз. Уәкілетті органдарға, соның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне немесе “Атамекен” ұлттық палатасына арыз түсіріп, хабарласыңыз. Мәселе бейбіт жолмен шешілмесе, сотқа жүгініп, материалдық және моральдық шығынды өтеуді талап етіңіз. Қазақстан азаматы “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңының 15-бабына сәйкес тиісті емес сападағы тауар жағдайында тұтынушы тауарды жөндеу, ауыстыру немесе ақшаны қайтаруды талап ете алады. 24-бап (Сатушының (дайындаушының, орындаушының) міндеттері) негізінде сатушы сапалы тауар беруге және ақау анықталса, оны жоюға міндетті”, – деді адвокат.
Адвокаттың сөзінше, кез келген адам Азаматтық кодекстегі 406-бапқа сәйкес (Сатып алу-сату шарты) сапасыз тауар жағдайында шартты бұзу немесе бағасын азайтуды талап ете алады. Бұдан бөлек 427 бап (Тауар сапасын тексеру) және 428-бап (Тиiстi сапасы жоқ тауар берудiң зардаптары) негізінде көліктің жарамдылық мерзімі ішінде ақауды тегін жою немесе ауыстыруға мүмкіндіктері бар. 9 (Азаматтық құқықтарды қорғау) және 921-баптарда (Заңды тұлғаның немесе азаматтың өз қызметкерi келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiгi) көрсетілгендей, қазақстандықтар сатып алушыдан материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттей алады. Соңғы кезең сотқа жүгініп, өз талабын енгізе алады.