Алматыда мейрамхана бизнесінің өкілдері мен рестораторлардың басын қосқан ауқымды іс-шара өтті. Оны Choco Holding Choco Smart Restaurant жобасы аясында ұйымдастырды. Жиылғандар өз саласына қатысты өзекті мәселелерді, цифрлық инновация мен технология дамыған уақытта кәсіпті қалай дамытуға болатынын талқылады.
Фото: DigitalBusiness.kz
Іс-шараға елдің бірқатар өңірінде мейрамханаларының бірнеше нүктесі бар, тамақ саласындағы 70-тен астам ресторатор қатысты. Оларға осы салада бірнеше жылдан бері ісін дөңгелетіп жүрген мамандар тренинг өткізді. Мәселен, ALLOFF Burger тез тамақтану мейрамханасының негізін қалаған Тимур Қалтаев кәсіп басқару, маркетинг стратегиясы, клиент жинау үшін заманауи технологияларды қолдану туралы кеңестері мен ұсыныстарын бөлісті. Ол рестораторлардың қарым-қатынас орнатуына, білім алуына көмектесетін осындай шаралар жиі ұйымдастырылғаны жөн екенін айтады.
“Ресторан кәсібі, нарығы өте жылдам өзгеріп жатыр. Бұрын мейрамхана басшыларының сөзі де, ісі де жүретін. Қазір бұл бағытта бәсеке көп, сәйкесінше клиенттерде таңдау көбейді, өзінің талабы мен қалауын да бұрынғыға қарағанда нақты айта бастады. Сол себепті мейрамхана саласындағы кәсіпкерлерге әрбір клиенті маңызды. ІТ технология да қарқынды дамып жатқан соң, кәсіпкер өзінің емес, тұтынушының ыңғайын ойлауы керек. Қазір сапалы азық-түлік алып қана қоймай, заманауи тенденцияларды білуі керек, сапалы қызмет пен инновациялы жүйе, ыңғайлы кеңістік қажет. Сол себепті рестораторлар үнемі ізденісте болуға тиіс. Жаңа білім алып, жаңа трендтерді, технологияларды меңгеріп, кәсібіне енгізгені дұрыс. Ал мұндай білім мен тәжірибені олар осындай іс-шараларда ала алады”, – Тимур Қалтаев.
Тимур Қалтаев. Фото: DigitalBusiness.kz
Сонымен қатар Choco SR жобасының коммерциялық директоры Алина Әнуарбаекова да презентациясын көрсетіп, холдингтің цифрлық инновация талабына сай келетін өнімдерін таныстырды.
“Біз ресторалардың, яғни серіктестеріміздің жұмысы жеңілдегенін, тұтынушыларының, табысының көбейгенін қалаймыз. Сол себепті цифрлық өнімдерімізді дамыттық. Мәселен, Choco Smart Restaurant мейрамханаларға өзінің қолданбасын әзірлеуге көмектеседі, мейрамханасын цифрландыра алады. Адамдар мейрамханада QR арқылы мәзірді қарап, таңдап, ақысын төлей алады, қолданбадан да жеткізу қызметін қолдана алады”, – дейді Алина Әнуарбекова.
Фото: DigitalBusiness.kz
Маман рестораторларға тұрақты әрі жиі келетін тұтынушы санын арттыру үшін цифрлық инновацияны ұтымды қолдануға болатынын айтады.
“Біздің өніміміз арқылы мейрамханаға жиі келетін тұтынушылардың деректерін, олардың талғамына, тадауына қатысты мағлұматтарды жинайтын бір база құруға болады. Сол арқылы кәсіпкерлер ісін екі есе жақсы жүргізе алады. Ал клиенттердің, мейрамханалардың деректерінің қауіпсіздігі қорғалады”, – дейді Алина Әнуарбекова. READ FULL STORY HERE>>>CLICK HERE TO CONTINUE READING>>>
Алина Әнуарбекова. Фото: DigitalBusiness.kz
Choco Smart Restaurant жобасының CEO-сы Карим Богуспаевтың айтуынша, олардың іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі екі мақсаты бар. Соның бірі – кәсіпкерлерге тәжірибе алмасуға, бір-бірімен танысуға мүмкіндік беру.
“Қазір технология қарқынды дамып жатыр, түрлі онлайн құрал бар. Бұл цифрлық технологиялар ресторан саласының жұмыс процесін жақсартуға көмектеседі. Сол себепті бүгін осы саладағы кәсіпкерлердің басын біріктіріп, кәсіптерін қалай кеңейтуге болатыны, цифрлық инновацияларды қалай тиімді қолдануға болатыны жөнінде пайдалы ақпарат алып, тәжірибе алмасса дейміз”, – дейді Карим Богуспаев.
Карим Богуспаев. Фото: DigitalBusiness.kz
Айта кетері, Choco нарықты дамытуын жалғастырып, тез өзгеріп жатқан цифрлық әлемде мейрамхана бизнесінің өсуі мен табысына ықпал ететін шешімдер ұсынып келеді.