Биыл жыл басында лай көшкіні кезінде төрт адам қайтыс болған “Тау самалы” ықшам ауданының тұрғындары апат тағы қайталана ма деген үреймен жүр. Қазір тау бөктерін қопарып кәріз жүйесіне жөндеу жүргізілгелі жатқан көрінеді. Ақпанда болған апатқа да кәріз құбырларының дұрыс тартылмауы себеп болған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Бойын үрей билеген жергілікті тұрғындар мұндағы құрылыс жұмыстарына үзілді-кесілді қарсы. Тау бөктерінде кәріз жүйесі жүргізіліп жатыр. Десе де құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған.
“Біріншіден, үйге рұқсат береді. Екіншіден, техникалық жағдайы, суға, кәріз жүйесіне қалай рұқсат береді? Кім беріп жатыр? Табиғат сақтау аймағын кім қарап жатыр? Алма бақтың ішіне кәріз жүйесін істеуге қалай беруге болады? Мүлде ондай заң жоқ. Табиғаттың жері. Оны құртуға болмайды”, – тұрғындардың бірі Байбақы Біләлов.
Төбедегі үйлер жергілікті халықтың мазасын қашырды. Кәріз жүйесі үш гектар аумақты алып жатқан алма бақтың астымен, өзеншіктің үстімен жүргізілмек. Ал бұл таудан аққан суды жергілікті жұрт күнделікті тіршілікте, тіпті ауыз су ретінде пайдаланады. Егер алда-жалда құбыр жарылатын болса, жоғарыдан аққан бүкіл адамның нәжіс суы мына тіршілік нәріне төгілгелі тұр.
“Қазір тапсырыс беруші алма бақты қопарып, құбырлардың бір бөлігін төсеген. Жүргізгенде де талаптарға сай келмейді. Еңістігі тым үлкен. Негізі мұндай жерге қандай да бір инженерлік желілер мен құрылыс жүргізуге тыйым салынады. Біз қазір аяқ асты көшкін жүріп кете ме қорқып жүрміз”, – дейді Дмитрий Бузинский. READ FULL STORY HERE>>>CLICK HERE TO CONTINUE READING>>>
Еске салайық, Алматыдағы Медеу ауданында 8 ақпанға қараған түні сел жүріп, екі үй зақымдалған еді. Оқиға орнына келген құтқарушылар үйде болған 4 адамды іздестірген. ТЖД құбырдың жарылуы селдің алдын ала себебі болуы мүмкін екенін айтқан. Бұған дейін лай көшкіні салдарынан қираған үй астынан 1984 жылғы ер адамның, 1980 жылғы әйелдің және 2007 жылғы егіз жасөспірімдердің денелері табылған еді.
Бірақ құрылысқа жауапты адамдар тиісті құжаттардың түгел, барлық құрылыс жұмыстары заң жүзінде жүргізіліп жатқанын айтады.
“Бұл кәрізге ешкім қосылмайды. Тұрғындар айтып отыр ғой “Таун хаус салады, 10 үй бар” деп. Ешкімді қоспаймыз. Жұмысты бастамас бұрын біз ГАСК-тан талон алдық. Келесі күні жұмысты бастадық. Бізде құжат бар. Ол жоба сараптамадан өткен. Сараптамадан кейін техбақылаумен келісімшартқа отырдық. Жұмыс бастауға лицензиясы бар”, – дейді тапсырыс беруші тараптың өкілі Олжас Асқаров.
Алайда құрылыс туралы жергілікті тұрғындарға ешкім ескертпеген. Енді әкімдіктегілер тәртіп сақшыларын шақырып айыппұл салып, тексеру жұмыстарын жүргіземіз деп отыр.
“Қазір жұмыс толық тоқтатылды. Негізі құрылыс басқармасы бар. Толықтай жұмыс сапасына, жүргізілуін қадағалайтын орган. Жұмыс бүгін басталған болып тұр ғой. Қазіргі уақытта құдықтарды жинап қойған. Кәріз желілерінің жабдығына 505 бап бойынша шара қабылдаймыз”, – дейді Медеу ауданы инженерлік және жол бөлімі басқармасының басшысы Көбеген Сейтжанов.